№3 Аршалы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
физика-информатика пәнінің мұғалімі Туркестанбаева Ақнұр Арысбайқызы
ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫ - ЗАМАН ТАЛАБЫ
Тәуелсіз елдің негізгі тірегі - білімді ұрпақ. Қазіргі таңда
білімдінің алға түсіп, бәйгеден озып келетін заманы енді туды.
Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев ұлттық білім беру саласына өте жоғары талап қойып отыр. Біздегі білім
беру жүйесі Қазақстан мектебінің түлектері өз білімдерін әлемдік
оқу орындарында әрі қарай кедергісіз жалғастырып әкететіндей дәрежеде
бәсекеге қабілетті, жоғары сапалы болуға тиіс.
Қазақтың кемел талантты ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастау керек», -деген. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру
ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған орай, білім беру
жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға
ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі - жалпы
педагогикалық, ғылыми- теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені
жетік меңгерудің маңызы зор.
Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі
терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей
алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз
үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс. Қазіргі таңда еліміздің
түкпір-түкпірінде орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер
бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстарын жүргізуде.
Осыған сәйкес біздің мектеп ұстаздарының біршамасы осы курстан өткен.
Жаңартылған Білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар,
критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс- тәсілдері мен әр түрлі
құралдарын қолданудың тиімділігін арттыру. Бастауыш сынып пәндеріне арналған оқу
бағдарламаларындағы оқу мақсаттары оқушылардан шынайы проблемаларды анықтап зерттей білуді көздейді.
Жаңартылған білім берудің маңыздылығы – оқушы тұлғасының үйлесімді қолайлы білім беру ортасын құра
отырып, сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе жасау,
АКТ-ны қолдану, коммуникативті қарым-қатынасқа түсу, жеке, жұпта, топта жұмыс
жасау, функционалды сауаттылықты, шығармашылықты қолдана білу және оны тиімді
жүзеге асыру болып отыр.
Жаңартылған білім бағдарламасының ерекшелігі- спиральді қағидатпен берілуі.
Бағалау жүйесі де түбегейлі өзгеріп, критериалды бағалау жүйесі енгізілуде.
Критериалды бағалау – оқушылардың оқу нәтижелері алдын-ала белгіленген
критерийлердің нақты жиынтығының көмегімен өлшенетін, ұжыммен бірігіп
құрастырылып, оқу мақсаттары мен мазмұнына негізделген, оқушы мен ата-анаға,
мұғалімдерге түсінікті болатын үдеріс.
Критериалды бағалау басқа оқушылардың жетістіктерін
салыстырмайды және бір-біріне тәуелді етпейді, сонымен қатар әр оқушының
құзыреттілік деңгейі туралы ақпарат беруге бағытталады.
Кез келген ата-ананың көкейінде «Бұл бізге не береді?» деген жаңартылған
білім беру мазмұны жайлы сауалдың болуы заңды. Қолданыстағы білім мазмұнымен
салыстырып көретін болсақ, мәселен, қолданыстағы білім «Мектепте нені оқытады?»
деген сұрақ аясында болып, баланың теориялық біліміне, яғни, бала біледі және
түсінеді дегенге бағытталған. Ал қазіргі жаңартылған білім мазмұны «Мектепте не
үшін оқу керек?» деген сұрақ аясында болып, білім мазмұны күтілетін нәтижеге
және баланың бойындағы түрлі дағдыларды
қалыптастыруға бағытталады. Қыркүйек айынан бастап 1 сынып сабақтарына ену барысында,
мұғалімдердің оқушыларға бағдарламадағы оқу мақсаттарын игертуге қарқынды жұмыс
жасап жатқандықтарын байқауға болады. Бастауыш білім –берудің алғашқы басқышы.
Бастауыш сынып оқушысы не нәрсені болса да білуге құмар, қолымен ұстап , көзбен
көргенді ұнатады. Зейіндері тұрақсыз болғандықтан бір сарынды оқудан тез
жалығады. Сондықтан алға қойылған мақсат - оқушыға білім жүйесін терең әрі тиянақты беру, балалардың шығармашылық қабілеттерін жан-жақты дамыту . Яғни бұл - бүгінгі күннің талабында.
Ұстаз мақсаты – оқушыларға ұлттық тәрбие мен білім берумен қатар олардың шығармашылық
қабілеттерін арттыру. Сөзімнің соңында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан
Момышұлы айтқан сөзімен:“Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз
тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін
де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай
ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға
міндеттіміз” Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік,
ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім дегім келеді