Біз – болашаққа тең қараймыз!
Инклюзивті білім беру қазіргі қоғамдағы қажеттілік. Қазіргі
таңда барлық жалпы білім беру ұйымдарында инклюзивті оқыту қолға алынып, еліміз
мүмкіндігі шектеулі балалардың санасы
тең дәрежелі ортада еркін қалыптасып, өсуін қолға алуда. Отбасында дені сау бала туылған жағдайда үлкен бақытқа бөленіп, қуанады. Егер бала толыққанды дамымай туса, бұл ата-ана үшін үлкен сынақ. Олар қорқыныш пен рухани ауыртпалық, кінә сезімі мен агрессияны бастан
өткізеді. Бұл үлкен дағдарыс, өмірдің құнсыздануы мен мағынасын жоғалтуға алып
келуі мүмкін. Мүгедек – бұл өмірлік қызметіне шек келтіріп, оның
әлеуметтік қорғалуын қажет ететін ағза қызметінің бұзылуы, аурулар, жарақаттар,
олардың зардабынан болған дефектілері бар денсаулығы бұзылған тұлға. Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді әлеуметтік қорғау ҚР Конституциясымен, ҚР «Қазақстан Республикасындағы мүгедектерді
әлеуметтік қорғау туралы» заңымен және ҚР басқа да нормативтік құқықтық
актілерімен реттеледі. Мамандардың айтуынша мұндай балалары бар отбасында
дағдарыс өмір бойы болуы мүмкін. Бұндай жағдайдан тез өту және ауру баланы
дұрыс тәрбиелеу үшін ата-ана мықты болып, жігерлік танытуы, өз міндеттерін
дұрыс орындап, қамқорлық жасауы керек. Осы орайда, мектепке мұндай бала
қабылданғаннан бастап, баламен қатар ата-аналар да мектеп әкімшілігінің
бақылауында болып, әлеуметтік тұрмыс жағдайы мен психологиялық жағдайы
тексеріліп, ата-анамен тығыз байланыста баланы ортаға бірге бейімдеуге жұмыстар
жүргізіледі.
Біздің мектебімізде мүмкіндігі шектеулі бір оқушы ғана
әзірге білім алуда. Ұжымдағы педагогтар, мектеп басшылары барлығы инклюзивті
оқыту бойынша семинарларға қатысып, болашақта
мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс жасауға, оларға білім беруде
қолданатын әдіс-тәсілдерге саналы түрде дайын. Мектебіміздегі тірек-қозғалыс аппараты бұзылған Ж есімді оқушы алғаш 1 сыныпқа қабылданған уақытта мектеп өміріне
қалыптаса алмай, сыныптастарымен ортаға
толық қосылып кете алмай жүрді. Оған барлық балалар секілді ойын еркін айтып,
қаламмен еркін жазу алғашқыда қиынға соқты. Шаршау, оқуға қызығушылығын жоғалту
сезімдерін өткізді. Баланың бейімделуін, оқушылық өмірді қабылдауын сынып жетекшісі қадағалап, сынып ұжымымен бірге көбірек қарым-қатынас стилін қалыптастыратын әдістерді қолдана отырып,
ортаға бейімдеді. Уақыт өте келе сыныптастары да оған үйренісіп, өзіне жаңа
достар тауып еркін сезіне бастады. Ата-анасы да
баланың өздігінен шешім қабылдап, өздігінен қалыптасуына мүмкіндік беріп,
барлық оқушылардың оған деген аяушылық сезімін тудырмас үшін үнемі сырттай бақылауда, сынып жетекшісімен
байланыста болды. Оқушыға ата-анасының өзіне сеніммен қарайтыны, өбектеп өзге
балалардан оқшауламайтыны күш беріп, өзінің де сенімділігі, белсенділігі артты.
Оқушымыздың жігері мықты, барлық балалармен бірдей қарым-қатынаста, байсалды, бауырмал, көпшіл, мейірімді. Сыртқы бейнесі тартымды, сымбатты. Дене дамуы
өз жасына, ортасына сәйкес келеді. Әлеуметтік тұрмыс жағдайы жақсы, толыққанды
отбасында тұрады. Жыл сайын демалыс кезінде уақытылы емін қабылдап отырады.Сонымен
қатар, себепсіз сабақты босатпайды. Қосымша үйірмелерге қатысып, өзіне ұнайтын
жұмыстармен айналысады. Бүгінде мектепте оқып жатқанына 4 жыл уақыт өтсе де, сыныптастарымен
ортада қарым-қатынасы тұрақты, өзін еркін ұстауы жақсы қалыптасқан. Ұстаздармен,
үлкендермен үнемі сәлемдесіп, жол беріп, ілтипат көрсетіп жүреді. Оқуға келіп, кетуі, жүріп, тұруы барлығын өздігінен жасайды. Ойлау қабілеті, есте сақтауы орташа. Ойлануы, өзінің ойын
жеткізуі, жағдаяттық сұрақтарға баяу, орташа ұтымды оймен жауап береді.
Жасына сәйкес білу керек ұстанымдарды біледі, ажырата алады. Шыдамды, көмек
сұрамай өздігінен жұмыс жасап, тырысады.
Көзбен көру, бейнелі ес, қысқа мерзімді есте сақтау процесімен жұмыс
жасайды. Ол, «Дене шынықтыру», «Музыка» , «Ағылшын» сабақтарын ұнатады. Мектептің
басқа сыныптарда оқитын оқушылар да оған әрқашан бірдей қарайды. Ешқашан кемшілігін айтып мүсіркеп, мазақтаған емес. Біздің оқушымыз өзін барлық балалармен бірдей білім ала алатынын
дәлелдеді. Тәні ауырса да, көппен бірдей жүріп, тұрып, достарымен бірге күліп,
барлық қызықты жаңалықтарды, күнделікті өмірді бірге тамашалап, жан қиналысын
сезінбейді. Жанында жара болмаса, тән жарасы
білінбес деген рас екен. Түйгенім, мүмкіндігі шектеулі балалар жалпы
білім беретін ұйымдарда білім алса біз қоғамды да тең қарауға , ойларын
өзгертуге , адамгершілік қасиетті дамыта аламыз. Және болашақты да тең
көзқараспен қабылдауға үйренеміз.
Ақмола облысы Аршалы ауданы
№3 Аршалы орта мектебі
педагог-психолог Сембиева А.К