Жасампаз елдің жастарына әркез сеніммен қарайтын Елбасы: «Жастары жалын жүректі, өршіл
намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады», - деген еді. Оның
«Өмір бойы білім алу» қағидаты әр ұрпақтың ұранына айналуы тиіс. Өйткені адам үнемі
ізденісте болады, білімділікке талпынады, даналыққа жол ашады. Тұғыры биік
еліміздің ертеңі бүгінгісінен де жарқын болуы – рухы асқақ, өресі биік, білімді
де талантты ұрпақ қолында.
Осындай талапты шәкірттеріміздің бірі, өркениетті қоғам дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосар деген ұстаздар үмітін
арқалаған, білімді, қабілетті және де тәрбиелі оқушымыз, биылғы жылғы «Алтын
белгіге» үміткеріміз, 11-сынып оқушысы Ақанова Назерке ауданымызда өткен пәндер олимпиадасында қазақ
тілі мен әдебиеті пәнінен жүлделі 1-орын алып, облыстық додаға жолдама алған
болатын. №3 АОМ мен пән мұғалімі Князова Күнсұлу Жаппарбердіқызының үкілеген үмітін ақтап, облыстық пәндер
олимпиадасынан жүлделі 3-орын, қола медалін қанжығасына байлап келді.
Жастығыңды ізденуге арнаңыз,
Білімдарлық танытыңыз, талмаңыз.
Асуларын білімнің бағындырып,
Өрлей бер, өркендей бер самғаңыз!-деп,
Назеркеге алған марапатың құтты болсын демекпіз. Білім мен ғылымды игеру
жолында үздіксіз ізденіп, қанатың талмай,биік белестерден көрініп, шығармашылық
қабілетің шыңдала берсін!
Князова К.Ж.
№3АОМ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі